Францияның табиғат тарихы мұражайынан 600 мың еуроның заттары ұрланды

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Париждегі Ұлттық табиғат тарихы мұражайы (MNHN) тоналды. Actu17 порталының дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, шығын 600 мың еуроны құрап отыр, деп жазады ресейлік ТАСС.

Олар таратқан ақпаратқа қарағанда, қаскөйлер бұл қылмысқа әбден дайындалып, 6 алтын құйманы алып кеткен. Тергеумен сот полициясы бригадасы айналысып жатыр.

Тамыз айында France Info радиосы MNHN-ге кибершабуыл жасалып, ол бірнеше аптаға созылғаны айтылған болатын. Осыған байланысты зерттеуге қажетті онлайн құралдармен жұмыс істеу және  коллекиялар бойынша консультациялық қызмет көрсету, кітапхананың дұрыс жұмыс істеуі мүмкін болмады.

Ұлттық табиғат тарихы мұражайы ірі ғылыми-зерттеу орталығының құрамына кіреді. Оған бірнеше мұражай, зертхана, кітапхана мен парктер, Ботаникалық бақ пен Париждегі Венесен зообағы қарайды.

Осыған дейін Наполеонның қылышы Париждегі аукционда 4,7 миллион еуроға сатылғаны туралы жаздық.