Құжатты таныстырған сенатор Бибігүл Жексенбай аталған келісімге Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға 2023 жылы жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол қойылғанын еске салды.
- Келісімнің мақсаты - Француз даму агенттігі тобының Қазақстандағы қызметінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттарын айқындау. Бұл ұйым 115 елде 4000-нан астам жобаны жүзеге асырып келеді. Келісімде Француз даму агенттігінің Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесі және рұқсат етілген қызмет түрлері айқындалған, - деді депутат Сенат отырысында.
Француз даму агенттігі мемлекеттік және жеке компанияларға 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімді қарыздар беру арқылы қолдау көрсетеді.
- Француз даму агенттігі денсаулық сақтау саласында 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беру іс-шараларына 2,4 млн еуро грант ретінде бөлуді жоспарлап отыр. Техникалық жәрдемдесу шеңберінде Француз даму агенттігі Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр желілерін салу сияқты бірнеше жобаларды да қарастырып жатыр, - деді Бибігүл Жексенбай.
Осыған дейін Сенат Жоғарғы соттың судьяларын қызметінен босатқанын хабарладық.
/