Бейсенбі күні Бельгияның шығысындағы француз тілді Льеж қаласы мен оған іргелес аумақта жүздеген оқушы мектептердің кіреберісін жауып, оқу орындарының жұмысына кедергі келтірген. Кейбір жерлерде наразылық соңы өртке ұласып, мектеп ғимараттары бүлінді.
Наразылық Льеждегі Athénée de Fragnée, Saint-Laurent, Saint-Sépulcre мектептері мен Hors-Château ауданындағы Institut Marie-Thérèse оқу орнында, сондай-ақ Visé, Seraing және Esneux қалаларындағы бірқатар білім беру мекемесінде болды.
CGSP Enseignement кәсіподағының аймақтық хатшысы Жорра Девиттің айтуынша, қозғалысқа шамамен он оқу орны қатысты. Оқушылар сыныптардағы оқушы санын азайтуды, мұғалім тапшылығын жоюды, оқушылар мен ата-аналардың пікірін ескеретін «шынайы диалогты» қалыптастыруды және баршаға қолжетімді білім беру жүйесін талап етті.
Льеж полициясының мәліметінше, жиналғандар көп ұзамай тәртіп бұза бастаған. Наразылық кезінде қоқыс жәшіктері өртенген, тәртіп сақшыларына түрлі заттар мен жарылғыш ойыншықтар лақтырылған. Терезелер сынып, ғимараттардың қасбеттері зақымданған.
Оқиғаға байланысты полиция алты адамды ұстады. Сағат 13:00-ден кейін тәртіп бұзу фактілері тіркелмеген. Коммуналдық қызметтер көшені тазалап болған соң, Hors-Château көшесі қайта ашылды.
Осы уақытта Льеж бен Намюр қалаларында бейбіт шеру өтіп, оларға кей жерлерде мұғалімдер де қатысты.
Бельгиялық БАҚ бұл қозғалыстың Франциядағы наразылыққа байланысты өршігенін жазды. Акция кезінде түсірілген бейнежазбаларда француз тілді қауымдастықтың білім министрі, «Реформаторлық қозғалыс» партиясының өкілі Валери Глатиньиге қарата «Глатиньи, кет!» деген ұран айтылған. Оған министр ұсынған білім реформасы себеп болды. Сыншылар бұл өзгеріс мұғалімдердің жүктемесін арттырып, білімнің қолжетімділігіне кері әсер етеді деп есептейді.
Францияда 1 қазанға қарай наразылық лицейлерден бөлек, өзге оқу орындарына да тарады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір күн бұрын 356 оқу орны наразылыққа қатысып, 625 адам ұсталған. Қауіпсіздік күштерінің 83 қызметкері жарақат алған.
Бейсенбіде студенттер де наразылыққа қосылды. Union étudiante мәліметінше, шамамен 30 кампус жабылды. Нант пен Руан қалаларында мектептердің кіреберісінде өрт шыққаны хабарланды.
Премьер-министр Себастьен Лекорню ведомствоаралық дағдарыс штабын жинап, наразылықтың өршуін «жауапсыздық» деп атады.
Қозғалыс 17-21 қыркүйек аралығында Иль-де-Франс өңіріндегі Кретей академиясында басталды. 15-18 жастағы лицей оқушылары мұғалім тапшылығын жоюды, сыныптағы оқушы санын азайтуды, мектеп ғимараттарын жөндеуді және Parcoursup жүйесіне байланысты оқу кестесін жеңілдетуді талап етті. Лицей оқушыларының USL ұйымы мен Union étudiante 1 қазанды наразылықтың «екінші кезеңі» деп жариялап, акцияларды 6 қазанда жалғастыруға шақырды.
Бұған дейін Францияда жаппай наразылыққа байланысты 400-ден астам лицейде сабақ онлайн форматқа көшкенін хабарлаған болатынбыз.