Француздар қазақтың жылқы етіне қызығып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Кездесу барысында тараптар елдер арасындағы АӨК саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Министр бірінші кезектегі бағыттардың бірі — өзара сауда көлемін ұлғайту екенін атап өтті.

«2024 жылдың 8 айында елдер арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымы 67 млн. долларды құрады, оның ішінде ҚР-дан Францияға рапс тұқымдарының экспортын ұлғайту есебінен 6 есеге жуық өсті», - делінген хабарламада.

Кездесу барысында ұсақ мал экспортына қойылатын ветеринариялық талаптарға өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды, ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру және француз тұқымының көмегімен қазақ тұқымдарын жақсарту жөніндегі бірлескен жоба қаралды.

Еуропалық нарыққа жылқы етін экспорттау мәселесі де маңызды тақырыптардың біріне айналды.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айының басында Францияда өткен Мал шаруашылығы саммиті аясында қазақстандық компаниялар арасында жылқы етін жеткізуді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бүгінгі таңда шаруа және фермерлік қожалықтар Францияға жылқы етін экспорттауға қызығушылық танытып отыр. 

Кездесу соңында Айдарбек Сапаров айтылған мәселелер елдер арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін отандық жылқы өсірушілер тығырыққа тіреліп отырғаны жөнінде жазған болатынбыз.