Атап айтқанда, IRONMAN сайысына биыл 1 200-ден астам спортшы жиналды. Осының арасында 400-і шетелден келген.
Жалпы, ең жас қатысушы 18-де болса, ең үлкені - 76-да.
Іс-шараның салтанатты түрде ашылуына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, «Freedom Life» компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Азамат Ердесов қатысты.
«Ironman жыл сайын елорда төрінде ұйымдастырылып келе жатыр. Осы жылғы жарысқа 1 200 қатысушы тіркеліп, оның 400-і шетелден келген. Ironman елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді және келер жылдары да осы жарысқа ерекше мән беріледі», - деді Асхат Оралов.
Өз кезегінде Азамат Ердесов «Freedom Life» компаниясы елордада өтіп жатқан осы айтулы жарыстың титулды демеушісі екенін еске салды.
«Freedom Life» спортшыларды, яғни барлық атлетті сақтандыру міндетін өз мойнына алып отыр. Сонымен қатар, компанияның жеке командасы бар. Біз Қазақстанда да, елден тыс жерлерде де көптеген жарысқа қатысып келеміз. Сондықтан бізде триатлонға қатысып жүрген қызметкерлер баршылық және осы дәстүрді ары қарай жалғастырғымыз келеді. Мұндай іс-шаралар елімізде жыл сайын жиі өткізіліп тұруы керек деп есептейміз. Бүгінгі жарысты ұйымдастырушылар біраздан бері жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ біздің қызметкерлер де ұйымдастыруға көмектесті. Қауіпсіздіктің тиісті талаптары ескерілген. Бүгін күн ыстық болса да, спортшылар үшін бұл қалыпты жағдай. Өйткені олар өздерін осыған дейін шыңдап, тиісті дайындықтан өтіп үлгерді. Атап айтқанда, жаттығу мен жарыс алдындағы дайындықтан өткендер өздерін сенімді сезінеді», - дейді компания өкілі.
Осы іс-шараға орай туристер көбіне Үндістан, Германия, Польша, Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Швейцария сияқты елдерден келген.
«Freedom» компаниясында қызмет етіп жүрген Алексей Максимкин бүгінгі жарысқа тыңғылықты дайындалып келгенін айтты.
«Спортпен 11 жасымнан шұғылданып келемін. Осыған дейін біраз марафондарға қатыстым. IRONMAN сайысына алғаш келіп отырмын. Мен осы іс-шараға үш ай бұрын Freedom-дегі триатлон командасымен бірге жаттыға бастадым. Күнде таңертең жүгіріп, жүзіп, велосипед тебетінбіз. Күн райына қарамастан жұмыс алдында таңғы сағат 6-7-де, күн жылынғанда сағат 5:30-да жаттығуға кірісетінбіз. Жалпы, кез келген осындай бұқаралық старт – бұл қаланың өзі үшін де, мемлекет үшін де, бизнес үшін де инвестицияны, туристерді тартуға, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға жақсы мүмкіндік», - деді ол.
А. Максимкиннің пайымынша, Қазақстанда осындай ауқымды жарыстарды ұйымдастыру жастар үшін жақсы мүмкіндік.
«Біздің компания бұл шараның демеушісі болғаны өте жақсы деп санаймын. Кез келген халықаралық жарыс арқылы спортқа, туризмге назарын аударуға, елдегі көрікті жерлерді кеңінен көрсетуге, ұлттық тағам түрлерін шетелдіктер арасында танытуда оң нәтиже береді деп ойлаймын. Мұндай ауқымды жарыстарды ұйымдастыру барлық жағынан өте керемет шешім санаймын», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Ironman 70.3 турнирі Қазақстанның имиджіне оң әсер етеді. Жарысқа байланысты қалада кейбір көшелерде жол учаскелерінің жабылуы автокөлікпен жүретін тұрғындарға сәл ыңғайсыз болуы мүмкін. Дегенмен осындай үлкен жарыстар тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға жақсы мүмкіндік.
«Мұндай оқиға жылына бір рет болады. Тұрғындар бір күнге болса да жаппай велосипедке отырып, отбасы мүшелерімен демалып, қаланы аралап, сондай-ақ жарысқа қатысып жатқан спортшыларға жанкүйер бола алады. Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын», - деді Алексей Максимкин.
Бүгін турнирге қатысқандар екі дистанцияны таңдау мүмкіндігін алды: жартылай (1,9 км жүзу, 90 км велосипедпен өту, 21 км жүгіру және толық (3,8 км жүзу, 180 км велосипедпен өту, 42 км жүгіру).
Ерлер арасында бірінші болып өзбекстандық Андрей Шарипов (4 сағ 10 мин) келсе, 2-орыннан қазақстандық Арсений Елисеев, 3-орыннан Қытай спортшысы Ялон Кай көрінді.
Биыл суда жүзу кезеңінде спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. 1,9 шақырымдық қашықтықты 27 минутта еңсерген Андрей қарсыласынан төрт минутқа озып кетті.
Қазақстан спортшысы қытайлық Ялоннан 1,5 минутқа ілгері келді. Әйелдер арасында үздік уақытты Польша спортшысы Анна Андралович (4 сағат 56 минут) көрсетті. Одан кейінгі орындарды Қазақстан өкілдері Салтанат Қазыбаева (4 сағат, 59 минут) мен Аида Естерекова (5 сағат 6 минут) алды.
«Бүгінгі жарыста біз төзімділік пен жеңіске жетуге деген мақсаттың айқын көрінісін байқадық. Әрбір спортшыны біз нағыз батыр деп бағалап отырмыз», - деді жарыс директоры Алексей Сидоренко.
Алғашқы келген 30 қатысушы 26-27 тамызда Финляндияда өтетін VinFast IRONMAN 70.3 жарысында «жарты» қашықтықта бақ сынайды.
Қазіргі уақытта «жарты» және «толық» қашықтық бойынша жарысып жатқандар қалған кезеңдерді еңсеруде. Нақты нәтиже ертең марапаттау рәсімінде жарияланады.