Фридрих Мерц Германия саясаткерлері рейтингінде алғаш рет соңғы орынға түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Германия канцлері Фридрих Мерц алғаш рет ел саясаткерлерінің танымалдық рейтингінде соңғы орынға түсті, деп хабарлайды Bild газеті.

Фото: BILD

Бұл туралы Bild газетінің тапсырысы бойынша INSA социологиялық институты жүргізген сауалнама нәтижелері көрсетті.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Мерц 18-орыннан 20-орынға түсіп, қазіргі таңда сауалнамадағы ең танымал емес саясаткер атанды. Оның көрсеткіші небәрі 28,9 балл болған.

Канцлер үшін әсіресе өз электораты ішіндегі қолдаудың төмендеуі алаңдатарлық жайтқа айналды. ХДС/ХСС блогын қолдайтын сайлаушылар арасында да ол рейтингтің төменгі сатысында тұр.

ХДС/ХСС жақтастары арасында Мерц 55,1 балл жинап, бесінші орынға ғана тұрақтаған. Сауалнамаға қатысқандардың тек 10%-ы канцлерге оң баға берген (8–10 балл), ал 58%-ы оған теріс көзқарас білдірген (0–4 балл).

Оны консерваторлардың өзге де танымал өкілдері, атап айтқанда ХСС басшысы Маркус Зёдер, Солтүстік Рейн – Вестфалия жерінің премьер-министрі Хендрик Вюст және ішкі істер министрі Александер Добриндт басып озған. Мәселен, Добриндт 8-орыннан 6-орынға көтерілген.

Сауалнама 24–27 сәуір аралығында жүргізілді. Оған 2 010 адам қатысқан.

Айта кетейік, бұған дейінгі саулнама қорытындысы германиялықтардың 81%-ы қоғамдық-саяси жаңалықтарды тұрақты бақылап отыратынын көрсетті.