FTX криптовалютасының негізін қалаушы алаяқтық бойынша айыпты деп танылды

Нью-Йорк федералдық сотының алқабилері Cэм Банкман-Фридті алаяқтық пен ақша жымқыру мақсатында қылмыстық келісім жасағаны үшін айыпты деп таныды. Экс-миллиардер сот тыңдалымы кезінде «үлкен қателік» кеткенін, заңды әдейі бұзбағанын айтты. Kazinform бұл туралы Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: yahoo.com

Былтыр банкротқа ұшыраған FTX криптовалюта биржасының негізін қалаған Сэм Бэнкман-Фрид айыптаудың барлық жеті бөлігі бойынша, оның ішінде алаяқтық пен ақша жымқыру мақсатында қылмыстық келісім жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 31 жастағы экс-миллиардер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Прокурорлардың пікірінше, ол инвесторлардан 10 млрд долларға дейін ақша ұрлау схемасын жасаған. Алқабилер клиенттердің депозиттері FTX басшысына тиесілі Alameda Research хедж-қорына қарыздарды өтеу және сән-салтанатты жылжымайтын мүлкін сатып алуға жұмсалғанын анықтады.

«Бұл АҚШ тарихындағы ең ірі қаржы алаяқтығының бірі», - деп мәлімдеді Манхэттен прокуроры Дэмиан Уильямс.

Жаза келесі жылы наурызда тағайындалады, Бэнкман-Фрид кінәсін мойындаған жоқ.

Бұған дейін FTX криптовалюта биржасы АҚШ-та сот процедурасы арқылы клиенттеріне ақшасын қайтарудың амалын іздеп, банкроттығын жариялағанын жазған болатынбыз.