Бұл жайында бүгін «Балалардың әлеуметтік бейімдеу орталығының» төрағасы Елена Колмогорова Дүниежүзілік мүгедек балалар күніне орай Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстанда инклузивті білім жүйесі енді ғана қолға алынып жатыр және осы төңіректегі бағдарламалар қайырымдылық шараларынан түскен қаражат арқасында іске асуда. «Қазіргі таңда осы бағдарламалар мәселесі өзекті болып отыр, алайда оны шешу қиын да емес. Тек мүгедек балалардың өздігінен қозғалып, отырып-тұруына жағдай жасау керек. Балалар көп қозғалған сайын мүмкіндіктері арта түседі, яғни бала мектепке барып, қоғаммен араласа бастайды», -дейді Е. Колмогорова.
Елімізде 145 мыңнан астам мүгедек бала бар, бұл 16 жасқа дейінгілердің 3,5 пайызын құрайды екен.
Жиын барысында еліміздің 6 сауықтыру мекемесіне және 11 мүмкіндігі шектеулі балаға арнайы тренажер мен денені оңалтуға арналған костюмдер табыс етілді. Бұл сыйлықтар "ФудМастер" компаниясының мүгедек балаларды қолдауға арналған акциясының нәтижесінде алынған, яғни әр сатылған айраннан 1 теңге қайырымдылыққа аударылып отырған.
"Мұндай жабдықтарға қолжетімділік артқан сайын балаларды аяқтан тұрғызу жылдамдай түседі. Мүгедек балалармен жұмыс істейтін барлық мекеме қызметкерлері атынан мұндай акция өткізіп, бастама көтерген компанияға алғысымды білдіремін", - дейді Ұлттық түзету педагогикасы ғылыми-тәжірибелік орталығының жетекшісі Бағлан Халықова.