Бұл компанияның негізгі мақсаты. Өнімдер барлық ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық қадағалаудың мемлекеттік ұйымдарының тексеруінен өткен және қолдау тапқан. Бұл туралы бүгін компанияның Есік қаласында орналасқан сүт өңдеу зауытында өткен "ашық есік" күнінде компанияның Бас директоры Аида Сапарғазинова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 4 күн бұрын "ФудМасте" компаниясы Қазақстан азаматтарының: ауылшаруашылығы тауар өндірушілері, жалдамалы жұмысшылар мен тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін өрескел бұзуда" деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өткен болатын. Онда ФудМастер компаниясының бұрынғы қызметкерлері компанияның өнімдері тұтынушыларға қауіп төндіреді деп мәлімдеп, лайықты мал дәрігерлік -санитарлық бақылаудан өткізілмейді, бақылау сапасыз, өнім өндіруде ұнтақ құрғақ сүтті пайдалану салдарынан өнім сапасы күрт төмендеді, компания аусыл дерті шыққан кезде Қырғызстаннан сүт сатып алды және жұмысшыларды жәбірлеуде деген болатын.
Бүгін осы мәселеге орай өз пікірін білдірген Аида Сапарғазинова, мұндай заңсыз әрекеттердің жоқтығын айтады. Оның айтуынша, өнім өндіру қатаң талап пен заң шеңберінде жүргізіледі. «Бізде ешбір тұтынушының денсаулығына және өміріне қауіп төндіретін жағдай тіркелген жоқ. Барлық өнімдер республикада бекітілген сүт тағамдарының сапасы мен залалсыздығына қойылатын қатаң талаптарға сәйкес өндіріледі. Ал, бізде жүргізілетін тәуелсіз зертханалардың тексерулері, жылдан жылға біздің өнімдеріміздің әлемдік стандартқа сай екендігін дәлелдеп келеді», деп атап өтті Аида Сапарғазинова.
Ол тек белгілі бір мәселелер бойынша ғана қиындықтар туындап отырғандығын айтады. Мәселен, Үкіметтің соңғы ұсынысына сәйкес, компания делдалдармен жұмысты тоқтатып, тікелей фермерлермен жұмыс істеуге көшкен. Осыған орай компанияның делдалы - жеке кәсіпкер «Фирстова» сынды фирмалар ФудМастер атына түрлі қаралаулар жүргізуде. «Олар бұл мәлімдемелерімен біздің атымызға кір келтіруде. Біз сондықтан ол фирманы сотқа береміз», деп атап өтті компания директоры. Ол сонымен қатар, бүгін Алматыда белгісіз адамдар балабақшаларға «ФудМастер компаниясының сапасы төмен сүт өнімдерін алмаңыздар» деп жазылған парақшалар таратылып жатқандығынан хабардар етті.
Бұл жағдайға ол: «Мұндай іс-әрекетті біз нағыз арсыз бәсекелестік және заң бұзушылық деп білеміз. Біз құқық қорғау орындарына бұл заңсыз акцияның артында кім тұрғанын, ұйымдастырушысы кім екенін анықтау туралы өтініш білдірдік», деді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл іс бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. «Біздің ашық екендігімізді көрсету үшін және жала жабушылықты теріске шығару үшін зауытта ашық есік күндерін өткізудеміз. Бұл шараларды әр келуші біздің бақылау процедураларымызды өз көздерімен көріп сенімді бола алады», деді зауыт директоры Гүлшат Мұхаметжанова.