Фудзи тауына шығатын туристерден тікұшақпен құтқару үшін ақы алынуы мүмкін

Фото: Фото: azertag.az

АСТАНА. KAZINFORM —  Фудзи тауына шығуға тыйым салынған маусымда қалып қойған альпинистердің көбеюіне байланысты Жапония билігі құтқару шығындарын олардан өндіріп алуды қарастырып жатыр, деп хабарлайды AZƏRTAC.

Альпинистердің Фудзи тауына тыйым салынған кезеңде көтеріліп, кейін тауда қалып қою дерегі жиілеген соң, Жапонияның Яманаси префектурасы оларды тікұшақпен құтқаруға жұмсалатын шығынды өздерінен өндіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Жергілікті билік маусымнан тыс уақытта қиын жағдайға тап болғандарды құтқару үшін мемлекеттік қаражатты пайдалану орынды ма деген мәселені көтеріп отыр. Префектура өкілдерінің айтуынша, мұндай қадам альпинистерді маусымнан тыс уақытта тауға шығудан бас тартуға ынталандыруы мүмкін.

Яманаси билігі бұған дейін Сайтама префектурасында енгізілген тәжірибені зерттеп жатыр. Ол жақта таудағы апат кезінде тікұшақпен құтқару операциясына ақы алынады. Енді осындай жүйені Яманаси де қабылдауы ықтимал.

Сондай-ақ, Фудзи тауынан бөлек, Жапония Альпілерінде және басқа да таулы аймақтарда құтқару үшін ақы алу мәселесі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, сәуір айында Фудзи тауында маусымнан тыс кезеңде бір апта ішінде екі мәрте Қытайдан келген университет студенті құтқарылған. Бұл жағдай Фудзиномия (Сидзуока префектурасы) және Фудзиёсида (Яманаси префектурасы) қалаларының мэрлерінің сынына ұшырады. Олар смартфон арқылы құтқару қызметіне жөн-жосықсыз жүгіну үрдісі пайда болғанын атап өтті. 

Айта кетелік Жапонияның ауыл шаруашылығы министрі күріш дауына байланысты отставкаға кеткені туралы жазған едік