Фукусимадағы техногендік апат салдарынан қалыптасқан ядролық бұлттың Қазақстанға еш әсері болмайды

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Жапонияда болған жойқын зілзала салдарынан, елдегі атом электр стансасында апат орын алғаны туралы әлемдік БАҚ кеңінен хабар таратуда.

Осы жағдайға орай бүгін «Қазгидромет» РМК -да баспасөз мәслихаты өтті.

«Фукусима қаласында болған техногендік апат салдарынан қалыптасқан ядролық бұлттың Қазақстанға еш әсері болмайды», - деді мекеме басшысы Баян Сазанова журналистерге.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында радиациялық фон деңгейін бақылап отыратын 79 метеорологиялық орталық бар.

«Қазақстанға Фукусимадағы жарылыстың ешбір зияны болмайды. Себебі, ауа массасы әдетте Батыс және Ресей өңірлерінен, Түрікменстан, Иран елдері аумағынан бізге қарай ығысады. Дегенмен, біз үнемі осылай болады деп түпкілікті айта алмаймыз. Өйткені бұл жағдай ауаның айналым ағындарына және ғаламдық өзгерістерге байланысты»,- деп атап көрсетті Б. Сазанова.