Фурманов шыңында аяғынан жарақат алған турист құтқарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Құтқарушылар Алматы облысы аумағындағы Фурманов шыңына шыққан туристі құтқарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

13 қыркүйек күні таңертең құтқару қызметінің жедел кезекші (109) пультіне көмектің керектігі туралы хабарлама келіп түсті. Хабарласқан азамат Фурманов шыңына шығып кеткен әйелдің аяқтан жарақат алғанын мәлім еткен.

«Туристерден алынған ақпарат бойынша оқиға орнына жеке құрамның үш құтқарушысынан тұратын экипаж жіберілді. Сондай-ақ құтқарушылар тауға шығып бара жатып, ҚР ТЖМ Медициналық апаттар орталығынан медициналық қызметкерлердің бригадасын шақырды. Зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, құтқарушылар арнайы құралдармен әйелді төменге түсіре бастады. Туристі құтқару жұмысы сәтті аяқталды», - деп хабарлайды құтқару қызметінен.