Футбол: 2-турдан кейін «Ақтөбе» жеке дара көш бастады

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстанның жиырмасыншы чемпионатының 2-турынан кейін «Ақтөбе» командасы жеке дара көш бастады.

Бұл турдың ойындары өткен сенбіде, 12 наурыз күні өтті. «Ақтөбе» сырт алаңда Павлодардың «Ертіс» командасымен кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша 2 ойында да жеңіске жеткен ақтөбеліктер 6 ұпаймен көш тізгінін өз қолдарына алды. Екіінші орында 4 ұпайы бар Өскеменнің «Восток» командасы келеді. Бұл турда «Восток» сырт алаңда Қызылорданың «Қайсарымен» ұпай бөлісті, есеп - 1:1. Үшінші орында 2010 жылғы ел чемпионы - «Қостанайдың «Тобыл» клубы тұр. Олар «Таразды» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Көш соңында әлі бірде-бір ұпай еншілемеген "Тараз" командасы келеді.

2-турдағы қалған матчтардың нәтижелері мынадай: «Локомотив» (Астана)-«Ордабасы» (Шымкент) 1:0, «Шахтер» (Қарағанды)-«Атырау» (Атырау) 0:0, «Жетісу» (Талдықорған)-«Қайрат» (Алматы) 0:1.

17 наурызда өтетін 3-турда Тараз - Локомотив, Ордабасы - Жетісу, Шахтер - Ертіс, Ақтөбе - Тобыл, Қайрат - Қайсар және Восток - Атырау командалары кездеседі.