АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцариялық «Грассхопперс» клубының жартылай қорғаушысы Александр Меркель футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғайтын болды.
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті Аллен Шайжүнісов хабарлады.
Оның айтуынша, Александр бөтен емес, ол Алматыда туып-өскен.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножанның мәлім еткеніндей, Меркель орталық жартылай қорғаушы міндетін атқарады. Құраманың осы орта тұсында осалдық бар еді, соны Александр жаба алады деген үміт бар.
Александр Меркель өз Отаны үшін ойнау мақтаныш екенін айтып, сондай мүмкіндік бергені үшін Қазақстан футбол федерациясына алғысын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 28 наурыз күні 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойынында исландиялықтармен кездеседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).