НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов «Астана» клубына ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана» футбол клубы мәлім еткендей , ойыншымен келісімшартқа қол қойылды.
Абат Айымбетов өзінің спорттық жолын «Ақтөбе» клубында бастап, 2013 жылы команда сапында Қазақстан чемпионы атанды. Суперкубокқа да ие болды. Сондай-ақ Еуропа лигасы іріктеу кезеңдеріне қатысты.
2020 жылы алматылық «Қайрат» сапында ел чемпионатында алтын жүлдеге қол жеткізіп, үздік сұрмерген атағына қол жеткізді. Абат биыл қыста Ресейдің ФНЛ-ында ойнайтын Самараның «Крылья Советов» клубына ауысқан еді.
Шабуылшы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 13 матч өткізіп, 2 гол соқты.
Абат елордалық команданың сапында жазғы трансферге дейін жалға ойнайды.
Келісімшартқа қол қойғаннан кейін А.Айымбетов өзіне осындай мүмкіндік берген «Астана» клубына риза екендігін, алаңда барын салатынын жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).