Бұл жарыста Қазақстан атынан 2010 жылғы ел чемпионы - Ақтөбенің «Ақтөбе» клубы сынға түседі. Жеребе бойынша «Ақтөбеге» Грузияның «Олимпи» (Рустави) командасы қарсылас атанды. Матчтар шілденің 13/14 және 20/21 күндері өтеді. Бірінші матч Ақтөбеде ойналады. Атап өтерлігі, 2007/2008 жылғы маусымда «Олимпи» чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Ақтөбенің» қарсыласы болған. Ол кезде біздің чемпион екі матчтың қорытындысы бойынша қарсыласынан басым түскен болатын.
Айта кетейік, 2009/2010 жылғы маусымда «Ақтөбе» чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі жарысын үшінші айналымда аяқтады. Бұл айналымда жерлестеріміз қос матчтың нәтижесі бойынша Израильдің «Маккаби» (Хайфе) клубына есе жіберді.