Футбол: «Ақтөбе» Еуропа лигасының келесі кезеңіне өте алмады

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше «Ақтөбе» командасы өз алаңында Владикавказдың «Алания» командасынан ұтылып қалды. Сөйтіп Еуропа лигасының келесі кезеңіне өте алмады.

Тартысты өткен ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Владикавказдағы бірінші ойын да дәл осылай біткен еді. Командалар қосымша уақытта да есепті өзгерте алмады. Ойын тағдырын пенальти сериясы шешті. Еуропа лигасының үшінші квалификациялық кезеңінде, пенальти кезінде ақтөбеліктер 2:4 есебімен қарсыластарына есе жіберді.

Айта кетейік, 21 шілде күні Еуропа лигасы аясында «Ақтөбе» футболшылары өз алаңында венгриялық «Кечкемет» командасын қабылдап, тең ойнаған болатын. Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі қарсыластары болып табылатын «Кечкеметпен» жерлестеріміз Венгрияда өткен бірінші матчта 1:1 есебімен тең түскен еді. Осылайша үшінші кезеңге жолдама алған ақтөбеліктер осыдан бір апта бұрын сырт алаңда 1995 жылғы Ресей чемпионы, 1992, 1996 жылдарда Ресей чемпионатының күміс жүлдегері болған «Алания» командасымен тең ойнаған болатын. Дегенмен, бұл жолы өз алаңында осы команданы қабылдаған ақтөбеліктер жанкүйерлер сенімінен шыға алмады.