НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі қазақстандық маман Вахид Масудов «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбе» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, тараптар келісімшартқа қол қойды.
Қазіргі кезде 61 жастағы В.Масудовтың есімі аяқдоп жанкүйерлеріне жақсы таныс. Футболшы есебінде «Қайрат» және басқа командаларда доп тепті, Қазақстан құрамасында ойнады. КСРО спорт шебері.
Сондай-ақ бапкер ретінде көптеген командаларды жаттықтырды. Соңғы клубы – бірінші лигада өнер көрсететін «Мақтаарал» командасы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақтөбе» клубы бас бапкерінің қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.
Ақтөбеліктер ел чемпионатында турнир кестесінде 13 ұпаймен 11-орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).