АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 13-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турды «Ақтөбе» мен «Мақтарал» командалары түйіндеді.
Турнир кестесінде командалар жағдайы түрліше. «Ақтөбе» үздік үштікті түйіндесе, «Мақтарал» соңғы орындарды місе тұтып тұрған еді.
Десе де «Мақтарал» соңғы екі турда жеңіске жетіп, жағдайын біршама түзеп алған еді. Сондықтан бұл кездесуде ұпай олжалауға барын салатыны белгілі болатын.
Кездесу барысында 29-минутта ақтөбелік клубтан Элдер Сантана есеп ашты. Оған 92-минутта Рамазан Каримов бір голмен жауап қайырды.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ, «Астана» «Каспийді» 3:1 есебімен жеңсе, «Қайрат» «Қызылжарды» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал одан кейін «Атырау» «Тобылды» 3:0, «Жетісу» «Шахтерді», «Ордабасы» «Ақсуды», «Қайсар» «Оқжетпесті» 1:0 есебімен қапы қалдырды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.