ФУТБОЛ: «Ақжайық» алғашқы айналымды алтыншы орынмен аяқтады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бірінші лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының алғашқы айналымы мәреге жетті.

Әп дегенде Ақтаудың «Каспийі» мен Шымкенттің «Қыраны» суырылып алға шыққанмен, кейін оларды Өскеменнің «Востогы» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» сынды премьер-лиганың «дәмін татып көрген» командалар өкшелей бастады. Қазіргі кезде соңғы турда жеңіліс тапқан «Қыран» мен «Каспийде» 31 ұпайдан болса, үшінші-төртінші орындағы «Восток» пен «Оқжетпестің» олардан небәрі үш-ақ ұпайы кем. «Екібастұз» 26 ұпаймен бесінші, Оралдың «Ақжайығы» 22 ұпаймен алтыншы орында келеді. Демек, бұл екінші айналымда премьер-лигаға берілетін қос жолдама үшін тартыс күшейе түседі деген сөз.

Біріншілікті аяғына жем түскен тұсаулы аттай кібіртіктеп бастаған «Ақжайықтың» кейінгі турларда ғана «жүрісі» түзеле бастады. Алғашқы айналымның соңғы ойынын оралдықтар Петропавлда жергілікті «Қызылжармен» өткізді.

Бұл екі команда турнир кестесінде бір-бірімен «құйрық тістесіп» келе жатқан болатын. Соған сай кездесу де тартысты өтті. Екінші таймның басында Алексей Мальцев «Ақжайықты» алға шығарғанымен, 81-ші минутта алаң иелерінен Әсет Қабдоллаев есепті теңестірді. Дегенмен ойын соңындағы қосымша минутта Борут Семлер оралдықтарға жеңіс әперді. Қуаныштан бұрыштама жалауын теуіп, сындырған Б.Семлер екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Сөйтіп кейінгі кезде мергендігімен көзге түсіп жүрген словениялық ойыншы келесі матчқа қатыса алмайды.

Батысқазақстандықтар екінші айналымды 2 тамыз күні өз алаңында осы «Қызылжармен» бастайды.