ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда ел чемпионатына дайындалып жатқан Оралдың «Ақжайығы» армениялық «Ширак» (Гюмри) клубымен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Ширак» өз еліндегі біріншілікте төрт мәрте топ жарған команда болғанына қарамастан, украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз допты 86-минутта Андрей Ткачуктың пасынан кейін Адеринсола Эсеола соқты. Бұлардың екеуі де «Ақжайық» футбол клубымен келісімшартқа биыл қол қойған украиналық ойыншылар болатын.
Айта кетейік, бұл - «Ақжайықтың» Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиыны барысындағы бесінші жолдастық кездесуі. Оралдықтар енді «Астананың» Чемпиондар лигасында ойнаған бұрынғы қарсыласы «Спартак» (Юрмала) командасымен тағы бір жолдастық матчын өткізеді. Осындай байқау бәсекелерінен кейін жаңадан келгендер сыннан өтіп, команда құрамы нақтыланатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).