ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Түркияның Анталия қаласында бірінші оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатқан Оралдың «Ақжайығы» Әзірбайжан жоғары лигасының күміс жүлдегері «Симург» командасын 1:0 есебімен ұтты.
«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, тартысты өткен матчта бұрыштамадан соң Николай Забродиннің баспен берген пасынан кейін қырғызстандық ойыншы Азамат Байматов жеңіс добын соқты.
Бұл ойында «Ақжайық» мынадай құрамда шықты Неманья Джоджо (Стас Покатилов, 80 мин.), Марко Джорджевич (Михаил Любимкин, 60 мин.), Бауыржан Омаров, Азамат Байматов (Владимир Покатилов), Руслан Қайыров, Сергей Кондратьев, Сергей Шевцов (Айбек Ғұбайдуллин, 65 мин.), Иван Антипов (Ринат Қасымгереев, 55 мин.), Николай Забродин (Эльдар Абдрахманов, 46 мин.), Алексей Мальцев, Хаман Саджо (Андрей Арбеков, 65 мин.).
Бұл - «Ақжайықтың» екінші спарринг-кездесуі. 19 және 20 қаңтар күндері оралдықтар мәскеулік «Динамо» мен «Спартак» командаларының қосалқы құрамымен күш сынасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).