ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының 17-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Матч тағдыры екінші таймда шешілді.
Алдымен 54-минутта «Ақжайық» сапындағы украиналық шабуылшы Николай Ковталюк есеп ашты. Бұл оның осы біріншіліктегі алтыншы голы еді. Алайда тоғыз минуттан кейін алаң иелерінен белоруссиялық Павел Назаренко өз қақпасына гол соғып алды.
Осылайша қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты.
Бұған дейін 8 матчта жеңіске жетіп, соншама ойында ұтылған «Ақжайық» алғаш рет қарсыласымен тең түсті.
Турнир кестесінде 25 ұпаймен әзірге төртінші орнын сақтап қалған украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері келесі кездесуін 27 маусым күні Оралда «Таразбен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» сырт алаңда «Қызылжардан» басым түскенін жазған болатынбыз.
Суреттер - Айбатыр Нұраш.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).