ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігінің үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» Павлодардың «Ертісін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткен ойында алаң иелері барын салды. 11-минутта «Ақжайық» сапындағы украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың 11 метрлік айып добын «Ертістің» қақпашысы Никита Калмыков қайтара білді.
Есесіне ойын соңына таман, 81-минутта дәл сол Эсеоланың пасынан кейін Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антипов қақпа бұрышын дәл көздеді.
Сөйтіп 1:0 есебімен «Ақжайық» биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Ал бұл павлодарлықтардың алғашқы жеңілісі еді.
Айта кетейік, «Астана» елордада «Қайсарды» 2:0, шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда 1:0 есебімен «Атырауды» ұтты. Осы екі команда 9 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді. «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең ойнаған «Қайраттың» 7 ұпайы бар. Қалған екі матч ертең өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).