НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының 12-турында Түркістанның «Тұраны» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Премьер-лигаға биыл қосылған қос команда осының алдында қатарынан үш жеңіске қол жеткізді.
Бұл жолы ойын тағдыры екінші таймда шешілді. 71-минутта Еркін Тапаловтан пас алған украиналық шабуылшы Николай Ковталюк баспен соққан доп торда тулады. Арада төрт минут өткенде Н.Ковталюк пенальтиден есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның осы біріншіліктегі бесінші голы еді.
Осылайша қатарынан төрт матчта қарсыластарын ұтқан «Ақжайық» 21 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орнын сақтап қалды.
Украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері келесі кездесуін 23 мамыр күні Оралда Ақтаудың «Каспийімен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» ел чемпионы «Қайратты» ұтқанын жазған болатынбыз.
Суреттер: Айбатыр Нұраш.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).