НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының оныншы турда Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін 12 ұпай жинаған оралдықтар турнир кестесінде 8-орында келе жатса, алты ұпайы бар қызылордалықтар 12-сатыда еді.
Бірінші таймда қонақтар сапында Еркін Тапаловтың тепкен добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты.
Ойынның екінші кезеңі барысында «Ақжайықтың» бапкері Владимир Мазяр шабуылшы, украиналық Николай Ковталюктің орнына ресейлік Дмитрий Мичуренковты шығарды. Бұл өз жемісін берді. 75-минутта қақпашымен жекедара шыққан Д.Мичуренков биылғы маусымдағы алғашқы голын соқты – 1:0. Бұдан кейін есеп өзгерген жоқ.
Осы ойыннан кейін оралдықтар 15 ұпаймен бесінші орынға көтерілді.
«Ақжайық» келесі кездесуін өз алаңында 14 мамыр күні «Қайратпен» өткізеді.
Бұл турда Таразда жергілікті клубты 1:0 есебімен ұтқан «Астана» осымен жетінші рет қатарынан жеңісіне қол жеткізді. Ал ел чемпионы «Қайрат» өз алаңында «Шахтермен» тең ойнап, тағы да ұпай жоғалтты. Елордалықтар 26 ұпаймен соңындағы командалардан ұзай түссе, бір ойыны кем «Тобыл» (18 ұпай) екінші, «Тараз» бен «Қайрат» (17 ұпай) үшінші-төртінші орында келеді.
Ертең 10-тур аясында «Тобыл» - «Атырау», «Жетісу» - «Ақтөбе», «Тұран» - «Қызылжар» матчтары өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Н.Ковталюктың үш голы «Ақжайыққа» жеңіс әпергенін, «Ақтөбе» клубының бас бапкері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.
Суреттер – Айбатыр Нұраш.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).