ФУТБОЛ: «Ақжайық» өз алаңында «Екібастұзды» ойсырата жеңді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасының екінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Екібастұзды» қабылдады.

Беташар турда Теміртауда «Болаттан» ұтылып қалған батысқазақстандықтар бұл жолы жеңіске деген нық сеніммен шықты. Олардың шеберлігі басым екендігі ойын барысында айқын көрінді. Көп ұзамай, алаң иелерінен Руслан Валиуллин қонақтар қақпасын баспен дәл көздесе, одан кейін словениялық легионер Марушко Матиц мергендік көрсетті. «Екібастұздың» қақпасына белгіленген 11 метрлік айып добын Владимир Фомичев қайтарғанымен, Олег Хромцов оған бірінші болып жетіп, екінші соққысымен есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші таймда екібастұздықтар қақпашысын ауыстыруға мәжбүр болды. Рустам Айдарғалиев «Ақжайықтың» капитаны Мейрам Сапановтың алыстан бағыттаған добын қайтарып үлгергенімен, ұшқырлық танытқан Р.Валиуллин тағы бір голдың авторы атанды. Бұдан кейін Русланның да, басқаларының да доп соғатындай әлденеше рет мүмкіндіктері болғанымен, оны пайдалана алмады. Бірде қақпашы сәтті қайтара білсе, енді бірде доп қақпа маңдайшасына немесе жақтауына тиіп, тіпті, қиыс кетіп жатты. Есесіне, қонақтардың капитаны Азамат Әубәкіров пенальтиді дәл орындап, есепті қысқартты. Бірақ ойын соңына таман Марушко Матиц екінші, биылғы маусымдағы үшінші добын соқты. Сөйтіп «Ақжайық» 5:1 есебімен жеңіске жетті.

Сергей Волгиннің шәкірттері келесі ойынын 25 сәуірде сырт алаңда «Мақтааралмен» өткізеді. Содан кейін 29 сәуірде Қазақстан кубогы үшін ойында «Ақтөбе» командасын қабылдайды.

Айта кетейік, биыл да премьер-лигаға қайта оралуды мақсат етіп отырған «Ақжайық» клубының 2015 жылғы бюджеті - 439 млн. теңге.