Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Оқжетпестен» жеңіліп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының төртінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады.

Бұл кездесуде «Ақжайықтың» бас бапкері Талғат Байсуфинов өткен турда «Қайратпен» ойнаған құрамды өзгертпестен, қайта шығарды.

Алайда алаң иелері сылбыр қимылдап, допты қонақтарға беріп қойды. Бір-біріне дәл пас беріп, үйлесімді ойнап, комбинациялар ұйымдастыру жөнінен ресейлік белгілі бапкер Владимир Мухановтың шәкірттері ептілік көрсетті. Дәл осы күні «Оқжетпестің» капитаны, шабуылшы Әлібек Бөлешев тура 35 жасқа толды. Мұны командаластарының көмегімен Ә.Бөлешев голмен атап өтті. 25-минутта бұрын «Ақтөбеде» ойнаған Марат Хайруллин бұрыштамадан доп берген сәтте Антон Куксин оны баспен бағыттады. Соны күтіп тұрғандай, Ә.Бөлешев баспен допты торда тулатты.

Т.Байсуфинов футболшыларды алмастырып, ойынға жан кіргізуге тырысты. 76-минутта астаналық төреші Тимур Құмашев алаң иелерінің пайдасына айып добын белгіледі. Допты тез ойынға қосқан оралдықтар гол соққанмен, оны төреші «Ысқырықты күтпеді» деген желеумен есептемей тастады. Әйтсе де өзі мұндай белгі берген жоқ еді. Бұл жанкүйерлердің наразылығын туғызды.

Матч бітуге он минуттай қалғанда, «Оқжетпес» құрамында алаңға шыққан Ристо Ристович қосымша уақыт қосылған кезде алыстан қақпа бұрышын дәл көздеп, Роман Багаутдиновты қапы қалдырды. Сөйтіп ойын 0:2 есебімен көкшеліктердің пайдасына аяқталды.
Өз алаңында Алматының «Қайратын» жеңгенмен, «Ертіс» пен «Оқжетпестен» екі мәрте ұтылып, жағдайын біраз қиындатып алған «Ақжайық» келесі кездесуін 13 сәуір күні Таразда жергілікті командамен өткізеді.