Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Тобылдан» ұтылып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін ел біріншілігінің ХVІ турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осының алдында «Ақжайық» үш мәрте қатарынан жеңіліс тапса, турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан қостанайлықтар өткен турда өз алаңында «Ақтөбеге» есе жіберген-ді. Сондықтан қос командаға да жеңіс ауадай қажет болатын.

«Ақжайықтың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Артур Авакянц бұл жолы қақпаға қазақстандық Сергей Ткачукты қойды.
Бірінші тайм алаң иелерінің басымдылығымен өткенімен, есеп ашылмады.

Ойынның екінші кезеңінде «Ақжайықтың» қорғаушылары мен қақпашысы жиі қателік жіберді. 22 сәуір күні Затобольскіде өткен оралдықтармен матчта алаңға екінші таймда шыққан Таңат Нөсербаев таразы басын теңестіріп кеткен болатын. Бұл жолы Таңат 56-ыншы және 62-інші минуттарда мергендік танытып, қос голдың авторы атанды. 88-минутта грузиялық легионер Джаба Канкава есепті 3:0-ге жеткізді. Тек 95-минутта «Ақжайықтың» капитаны Мейрам Сапанов есепті қысқарта алды.

Осылайша 3:1 есебімен жеңген «Тобыл» ұпай санын 31-ге жеткізді.

Қатарынан төрт рет ұтылған оралдықтардың жағдайы қиындай түсті. 7 шілде күні батысқазақстандықтар Қарағандыда жергілікті «Шахтермен» күш сынасады.

Еске сала кетейік, ел чемпионы «Астана» командасының кеше өз алаңында «Ордабасыдан» жеңісті соңғы минуттарда жұлып алғанын жазған болатынбыз.