ОРАЛ. ҚазАқпарат - Премьер-лига жолдамасы үшін матчта «Ақжайық» өз алаңында «Тараз» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Премьер-лига командалары арасындағы биылғы ел чемпионатында тараздықтар оныншы орынға тұрақтаған еді.
Ал оралдықтар бірінші лигада үшінші орынға ие болып, қола жүлдегері атанды.
Премьер-лигада көш соңында қалған «Ақтөбе» мен «Атырау» бірінші топқа түсіп қалса, алдағы жылғы маусымда олардың орнын Петропавлдың «Қызылжары» мен Ақтаудың «Каспийі» басады. Ал тағы бір жолдаманы «Тараз» бен «Ақжайық» сарапқа салып отыр.
Тартысты өткен кездесу барысында алаң иелері қарсылас қақпасына бір доп енгізгенімен, ол ойыннан тыс қалды деген себеппен есептелмеді.
Осылайша бәсеке 0:0 есебімен тең аяқталды.
Енді жолдама тағдыры 18 қараша күні Таразда өтетін қарымта матчта шешіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).