ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдың «Ақжайық» футбол клубы премьер-лигаға қайтып оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының директоры Азамат Шайхының мәлім еткеніндей, биыл премьер-лигада 14 команда ойнайтын болғандықтан, сол сапқа оралдықтар да қосылды.
«Біз өткен маусымда бірінші лигада өз тобымызда «Атыраудан» кейін екінші орынға ие болдық. Осы спорттық нәтиже бойынша премьер-лигаға оралып отырмыз. Жуырда бас бапкер мәселесі шешілетін болады. Жаңадан ойыншылар алынады. Қазір команда Оралда жаттығуда. Рұқсат берілсе, Түркияға оқу-жаттығу жиынына баратын боламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Азамат Шайхы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын премьер-лигада 14 команда ойнайтын болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).