ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Оралдың «Ақжайығы» «Кубань» (Краснодар) командасымен жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ресейдің ФНЛ (Футбол ұлттық лигасы) чемпионатында өнер көрсететін «Кубаньмен» Белек қаласында өткен ойында оралдықтар жеңісті жұлып әкетті. 89-минутта «Ақжайықта» сыннан өтіп жүрген Игорь Вузичич мергендік танытты.
Айта кетейік, бұдан бұрын украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын батысқазақстандықтар Ресейдің премьер-лигасында ойнайтын «Амкар» (Пермь) клубын да 1:0 есебімен тізе бүктірген болатын. 26 қаңтар күні «Ақжайық» тағы бір жолдастық кездесуін Румынияның бірінші лигасында ойнайтын «Волунтари» клубымен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).