Бірінші тайм алаң иелерінің басымдылығымен өтті. 26-минутта нигериялық легионер Изу Азука қонақтардың қақпасын баспен дәл көздеді.
Ойынның екінші кезеңінде тараздықтар шабуылдарын жақсы ұйымдастырып, шеберліктерін танытты. 54-минутта Бактиер Зайнутдинов баспен Вячеслав Котлярды қапы қалдырса, 64-минутта Максим Фещук айып добын тамаша орындады. Бұдан кейін оралдықтар алға ұмтылып бақты. Әсіресе, парагвайлық Фредди Коронелдің орнына тыңнан қосылған колумбиялық легионер Аренас Дельгадо алдыңғы шепке жан кіргізді. Оның қауіпті соққысын «Тараздың» қақпашысы Джурахон Бабаханов қайтара білді. Ойын соңына таман тараздықтар өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші 11 метрлік пенальтиді белгіледі. Оны Изу Азука мүлт жіберген жоқ. Сөйтіп тартысты ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. «Тараз» 17 ұпаймен жетінші орында қалса, «Ақжайық» 14 ұпаймен 11-орынға сырғыды.
Айта кетейік, кеше Алматының «Қайраты» Шымкентте «Ордабасыны» 2:0 есебімен ұтып, 40 ұпаймен көш басына көтерілген еді. Алайда бүгін «Астана» командасы Көкшетаудың «Оқжетпесін» 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, 42 ұпаймен қайтадан бірінші орынға шықты. Ал Павлодарда «Қайсарды» 1:0 есебімен тізе бүктірген «Ертіс» 31 ұпай жинап, үшінші орындағы «Ордабасыға» (35 ұпай) жақындай түсті. «Атырау» өз алаңында «Ақтөбеден» 2:0 есебімен басым түссе, Қарағандының «Шахтері» сырт алаңда Қостанайдың «Тобылын» 2:1 есебімен ұтып кетті.