ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Оралдың «Ақжайығына» жаңадан төрт ойыншы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 21 жасар шабуылшы Едіге Оралбай - бірінші лига үздіктерінің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысының түлегі бұған дейін «Мақтаарал» командасында ойнаған.
Оралдық клубқа сондай-ақ, украиналық қорғаушы Юрий Путраш, қақпашылар Евгений Боровик пен Сергей Ткачук қосылды. "Динамо" (Киев) командасының түлегі С.Ткачук бұдан бұрын «Қайрат», «Шахтердің» намысын қорғаған. 28 жасар Ю.Путраштың соңғы клубы - украиналық «Александрия». Тәжірибелі Е.Боровик те ресейлік, уқраиналық, болгариялық командалардың қақпасын қорғаған.
Еске сала кетейік, биыл украиналық маман Владимир Мазярдың бас бапкер болып келгені мәлім, Бұдан бұрын да украиналық бірнеше ойыншымен келісімшартқа қол қойылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).