Футбол: «Ақжайыққа» Латвия ұлттық құрамасының ойыншысы алынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралдың «Ақжайығына» жаңадан Латвия ұлттық құрамасының ойыншысы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Артур Карашаускас спорттық жолын «ЮФЦ Сконто» жастар клубында бастаған.

Шабуылшы 2009 жылы «Олимп» футбол клубымен келісімшартқа отырып, алғашқы маусымда-ақ 18 матчта 10 гол соқты. Карашаускас өз командасының Латвия жоғары лигасында бесінші орын алуына үлес қосып, чемпионаттың үздік жас ойыншысы атанды.

2010 жылы Артур Риганың «Сконто» клубына алынып, 4 матчта қарсыластар қақпасына 7 гол енгізді. 2011 жылы 15 ойында қос голдың авторы атанды. 2012 жылы «Гулбене» клубына ауысқанымен, бір жылдан кейін «Сконтоға» қайтып оралды. Соның құрамында Еуропа лигасы ойынында өзінің бірінші голын соғып, командасының чехиялық «Слованды» 2:1 есебімен ұтуына көмектесті.

Қазанның «Рубин» командасында да доп теуіп көрген Карашаускас 2015-2016 жылғы маусымда «Сконто» құрамында 21 кездесуде 10 голды өз есебіне жазды.

Польшаның «Пяст», Швейцарияның «Виль» командаларында ойнап көрген латвиялық шабуылшы өткен жылы «Лиепая» құрамында 27 ойында 15 рет мергендік танытты. Биыл 15 матчта 5 гол соқты.

Артур Карашаускас Латвия құрамасының сапында 13 ойын өткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайыққа» ивуарлық шабуылшы Идрисса Куятенің келгенін жазған болатынбыз. Ол қазір командада сыннан өтуде.