Футбол: «Ақжайыққа» сенегалдық шабуылшы алынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінде ойнайтын «Ақжайыққа» сенегалдық шабуылшы Малик Мане алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілхановтың айтуынша, М.Манемен бір жылға келісімшартқа қол қойылды. Ол алаңға жетінші нөмірмен шығатын болады.

Биыл отызға толатын Малик Мане қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2011 жылы «Ақтөбенің» намысын қорғаса, 2016 жылы «Таразға» келді. Сол жылы «Тараздың» құрамында 13 гол соқты. Өткен жылғы маусымды қытайлық «Нэй Мэнгу Чжунъю» клубында бастағанымен, жазда Таразға қайта келді. Бұл жолы 13 матч өткізіп, үш голдың авторы атанып, екі мәрте нәтижелі пас берді.

Айта кетейік, ел чемпионатының үшінші турында Павлодардың «Ертісін» ұтқан «Ақжайық» турнир кестесінде 4 ұпаймен сегізінші орында келеді. Оралдықтар келесі кездесуін 7 сәуір күні Алматыда «Қайратпен» өткізеді.