ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайыққа» үш қазақстандық ойыншы алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Ақжайық» клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орал футболының қос бірдей түлегі, басқа командаларда біраз тәжірибе жинақтаған Владимир Покатилов пен жас жартылай қорғаушы Әділет Болатовпен еңбек шартына қол қойылды. Сондай-ақ команда 23 жасар Шыңғыс Сапарбекұлымен толықты.
Айта кетейік, украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдықтар Түркиядағы соңғы жолдастық кездесуін 28 ақпан күні ресейлік «Томь» клубымен өткізеді. Содан кейін елге оралады. Мұның алдында «Ақжайық» украиналық «Оболонь» клубын 1:0 есебімен ұтты. 75-минутта украиналық Адеринсола Эсеоланың пасынан кейін оның отандасы Игорь Худобяк мергендік танытты. Биыл батысқазақстандық командаға Украинадан жеті бірдей ойыншы алынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).