ОРАЛ. 25 маусым. ҚазАқпарат - 24 маусым күні футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасы командалары арасында екінші айналымның ойындары басталды.
Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчын Атырауда жергілікті «Атыраумен» өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. 55-минутта беларусь Игорь Зеньковичтің добы ойын тағдырын шешті (бұдан кейін де оралдық шабуылшының есепті еселейтіндей тамаша мүмкіндігі болды, алайда ол қақпашымен бетпе-бет шығып, дәл көздей алмады). Сөйтіп, биылғы маусымдағы жетінші голын соққан И.Зенькович бұл жөнінен мергендер көшін бастап келе жатқан «тобылдық» Бауыржан Жолшиевпен теңесті.
Бұл турдан кейін 25 ұпай жинаған «Ақжайық» бұрынғысынша үшінші орында келеді. Дегенмен оралдықтардың екінші орындағы ел чемпионы «Шахтермен» ұпайы бірдей болса, көш басындағы Қостанайдың «Тобылында» 27 ұпай бар.
1 шілде күні өтетін кезекті турда «Ақжайық» өз алаңында Қазақстан құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек жаттықтыратын «Астананы» қабылдайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).