Футбол алаңына жүгіріп шыққан жігіт «Астанаға» 2 млн теңге төлейді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Матч кезінде футбол алаңына жүгіріп шыққан жігіт «Астана» клубына 2 миллион теңгеге жуық сома төлейді. Астана қаласының Алматы аудандық соты осындай шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың сайтына сілтеме жасап. 

Астана қаласы Алматы аудандық сотының шешімі бойынша футбол бұзақысы Шамсулло Файзиев «Астана» клубына 1 968 150 теңге төлеуі тиіс.

Еске сала кетсек, 2017 жылы 23 қазанда елордадағы «Астана Арена» стадионында «Астана» мен «Вилльярреалом» арасындағы (Испания) УЕФА Еуропа Лигасы топтық кезеңінің матчында Шамсулло Файзиев бұзақылық ниетпен алаңға жүгіріп шығып, матчқа кедергі келтірмек болған.

Осы оқиға үшін УЕФА «Астана» футбол клубына 5 мың еуро көлемінде айыппұл салды. Елорданың футбол клубы осы соманы өндіріп алу үшін Файзиевтің үстінен талап-арыз берді.

Іс материалдарын қараған Астана қаласы Алматы аудандық соты Ш.Файзиевтен «Астана» клубына 1 968 150 теңге өндіру жөніндегі шешім шығарды.

«Егер осындай оқиғалар елорда клубының еуропалық клубтық турнирлерінде және Қазақстан біріншілігінің ойындарында қайталанса УЕФА немесе ҚФФ «Астана» клубына аталған сомадан көп айыппұл салады.Сондықтан елордалық футбол клубы сот органдары арқылы бұзақылардан айыппұлға кеткен шығындарын толық көлемде өндіріп алуды талап етеді», - делінген клубтың сайтында. 

Соңғы жаңалықтар