НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Беларусь маманы Алексей Шпилевский ел чемпионы Алматының «Қайратынан» кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, А.Шпилевский командада бас жаттықтырушы міндетін 2,5 жыл бойы атқарды.
А.Шпилевский Германияда Бундеслиганың екінші дивизионында өнер көрсететін «Эрцгебирге» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.
«Қайратпен» келісімшарттың мерзімінен бұрын үзілуіне байланысты алматылық команда «Эрцгебирге» клубынан өтемақы алатын болады.
«Қайраттың» уақытша бас бапкері міндетін қазақстандық маман Кирилл Кекер атқарады. Ол биылғы маусымда «Қайрат-Жастардың» басшылығына келген болатын. Сондай-ақ жастар командасын академия бапкері Кирилл Морунов жаттықтыратын болды.
Айта кетейік, өткен жылы А.Шпилевскийдің басшылығымен «Қайрат» ел чемпионы атанған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).