Әсіресе, өздерінің ішкі чемпионаттарын 19-орыннан көрген ресейліктердің халықаралық ұйымға деген өкпелері қара қазандай болды. Осыған байланысты мәлімдеме жасаған ресейлік футбол басшыларының бірі Сергей Челбан өз елдерінің ішкі біріншілігі тек Испания, Англия, Германия, Италия, Франция және Бразилия чемпионаттарына ғана жол беретінін тілге тиек етті. Ол: «Телевизиялық рейтинг және өзге де көрсеткіштер бойынша біз еуропалық алдыңғы қатарлы бес-алты біріншіліктің қатарына кіреміз. Иә, Оңтүстік Америкада өте күшті біріншіліктер бар. Клубтық деңгейдегі соңғы әлем чемпионатының финалын еске түсірейікші, онда «Коринтианс» Лондонның «Челсиін» жеңген болатын. Ал оңтүстікамерикалық өзге біріншіліктерге келсек, Ресейдікі олардың бірде-біреуінен кем түспейді. Ресей премьер-лигасындағы соғылған голдардың санын алдыңғы қатарлы еуропалық біріншіліктердегімен салыстырсақ та жеткілікті. Сондай-ақ алаңдардың сапасы мен ойындарды тамашалауға жиналатын жанкүйерлердің қатарына да назар аударуға болады» дейді. Тағы бір ресейлік маман, «Алания» командасының президенті және бас бапкері Валерий Газзаев та халықаралық ұйымның рейтингін сынға алған болатын: «Расы керек, 19- саты - біздің мамандардың межесі емес. Менің ойымша, ресейлік дода әлемнің үздік бестігінің қатарына ұмтылуға тиіс. IFFHS-тің рейтингін біз ғана емес, өзге де елдің мамандары жиі сынап жатады».
Қалай болғанда да, бұл қарсы пікірлер Футбол тарихы мен статистикасы халықаралық федерациясының жұмысына кедергі бола алмайды. Қайта жыл өткен сайын осы ұйымның деректері жанкүйерлер мен мамандардың көңіліне жағып, ресми мәлімет сияқты қабылдануда. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, IFFHS Испанияның Примерасын әлемнің үздік, чемпионаты деп таныған еді. Расымен де, дәл қазір испандық доданың асығы алшысынан түсіп тұр. Бұл елдің біріншілігі үш жыл қатарынан тізімнің басында тұр. «Барселона» мен «Реал» ғана емес, өзге де испан командаларының еуропалық деңгейдегі жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүргенін мойындауға тиіспіз. Қазіргі уақыттағы әлемнің ең үздік футболшыларының басым көпшілігі де испан топырағында доп теуіп жүр. Бір ғана Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың осы елдің додасында екенін мысал етсек жеткілікті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, үздіктер тізімінің 2-сатысына Бразилия чемпионаты көтерілген болатын. Иә, бұл елдің біріншілігіне назар салып жүргендер де аз емес. Үздік үштікті бұл жолы Германияның Бундеслигасы түйіндеген еді. 4-орынға Италия біріншілігі жайғасса, жылдан-жылға құлдырап келе жатқан Англияның премьер-лигасы 5-сатыдан аса алмады. 2007-2009 жылдардың аралығында АПЛ 1-сатыны ешкімге бермеген болатын. Футбол ауылындағы беделді басылымдардың бірі «El Mundo» сарапшысы Виктор Кольменархоның пікіріне құлақ асып көрсек: «Ла-Лига Еуропадағы ең үздік екі командаға («Барселона», Реал») ие. Бірақ соған қарамастан испандық лиганы әлемнің үздігі деп тануға асықпауымыз керек. Мықты командалар мен әлсіз клубтардың арасындағы бюджеттік алшақтық бұл елдің біріншілігін сүреңсіз етеді. Мәселен, «Барселона» 17 кездесудің 16-сында жеңіске жетеді, бұл статистика жүргізетіндерге қызық, жанкүйерлердің делебесін қоздыра алмайды. Сол сияқты испаниялық командалардың жалпы алғанда деңгейі ағылшындармен салыстырғанда өте төмен».
Дегенмен соңғы 12 жылдағы әлемдік рейтингтің көрсеткіші бойынша, Англия чемпионаты топ бастап келеді. Оның көрсеткіші - 13,627,0. Одан кейінгі сатыда Испания біріншілігі тұр - ұпай саны - 13,597.0. Италия мен Бразилия чемпионаттары сәйкесінше, 3 және 4-сатыларға жайғасты. 5- орында Германия елінің ішкі біріншілігі тұр. Бұрынғы одақтас елдердің ішінде Украинаның чемпионаты алда келеді. Ол - 7,023,0 ұпаймен 16-орынға орналасты. Ресей чемпионаты екі саты төменге ойысты, ұпай саны - 6,953,5. Бұл тізімде, әрине, Қазақстан чемпионаты да бар. Біздің елдің премьер-лигасы тұп-тура 100-орынға жайғасты. Өзбек елінің ішкі біріншілігі 60-сатыда келеді.