Футбол: Андрей Тихонов ресми түрде «Астана» бас бапкері қызметінен кетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейлік маман Андрей Тихонов елордалық «Астана» командасы бас бапкері қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Андрей Тихонов 2020 жылдың қазан айынан бастап бас бапкер қызметіне кіріскен еді. Былтыр «Астана» ел біріншілігінде қола алса, биыл күміс жүлдеге қол созды.

Елордалық клубты алдағы Қазақстан кубогы ойындарына бұрын бапкердің көмекшісі болған Владимир Ежуров жетекшілік жасайды.

Айта кетсек, 29-турдағы «Астананың» Алматы қаласында «Қайрат» командасына қарсы өткізген кездесуінде ойын бітпестен елордалық футболшылар төреші шешіміне наразы болып, алаңды тастап кетіп қалды. Кейіннен олар жасыл алаңға қайта оралғанымен Қазақстан футбол федерациясы мұндай жөнсіздікке жол берген бас бапкер Андрей Тихоновты ел аумағында екі жыл бойы қызмет атқаруына тыйым салды.