Футбол: Аргентина, Голландия және Бразилия әлем чемпионатының 1/8-ші финалына шықты

None
АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Оңтүстік Африка Республикасында өтіп жатқан футболдан XIX әлем чемпионатында Аргентина, Голландия және Бразилия құрамалары топтық турнир аяқталмастан жатып 1/8-ші финалға шығып қойды.

Бұл командалардың барлығы өз топтарындағы алғашқы екі матчта қарсыластарынан басым түсті, сөйтіп 6 ұпай жинап келесі кезеңнің жолдамасына ие болды. Мәселен, «В» тобында өнер көрсететін Аргентина құрамасы Нигерияны 1:0, Кореяны 4:1 есебімен жеңсе, «Е» тобында ойнайтын Голландия Даниядан 2:0, Жапониядан 1:0 есебімен басым түсті. Ал, «G» тобында сынға түсіп жатқан әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилия құрамасы топтық турнирдегі бірінші ойынында Солтүстік Кореяны 2:1, ал екінші кездесуінде Кот д Ивуарды 3:1 есебімен тізе бүктірді.

«В» тобынан Аргентинаның ізін ала келесі кезеңге шығуға Кореяның мүмкіндігі мол. Әзірше 3 ұпайы бар олар соңғы ойынын әлі бірде-бір ұпай жинамаған Нигериямен өткізеді. Сондай-ақ, бұл топта Грекия құрамасы да келесі кезеңге шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Олар топтық турнирдегі соңғы матчын Аргентинамен өткізеді. Ал, «Е» тобында Голландиядан кейінгі екінші орынмен келесі кезеңге шығу үшін Жапония мен Дания құрамалары таласатын болады. Бұлардың әрқайсында үш ұпайдан бар. Ал, қалған топтарда 1/8-ші финалға берілетін жолдаманың тағдыры топтық турнирдегі соңғы матчтарда анықталатын болады.