Футбол: «Астана» «Ақжайықты» ұтып, ұпай санын 30-ға жеткізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының кезекті турында біріншілік көшін бастап келе жатқан «Астана» командасы Оралда «Ақжайықты» 2:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұл - «Ақжайықтың» биылғы маусымдағы өз алаңындағы бірінші жеңілісі. Вахид Масудовтың шәкірттері қанша тырысқанымен, шеберліктері әлдеқайда басым қонақтардың мысын баса алмады.  Алдымен 60-минутта Иван Маевский мергендік танытты. 69-минутта «Ақжайықтың» қорғаушысы, черногориялық Йован Николичке екінші ескерту қағазы көрсетіліп, алаңнан қуылғаннан кейін көп ұзамай Роман Муртазаев есепті 2:0-ге жеткізді.

Сөйтіп, осы турдан кейін ұпай санын 30-ға жеткізген елордалықтар бұрынғыша бірінші орында нық тұр. Одан бір ойыны артық Шымкенттің «Ордабасы» командасы бұл жолы өз алаңында ақтөбеліктерді 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші таймда Еркебұлан Тұңғышбаев пен Таңат Нөсербаев шымкенттіктердің мерейін асырса, «Ақтөбе» құрамындағы бразилиялық легионер Иури Мамуте ойын соңындағы қосымша минутта ғана есепті қысқарта алды.

26 ұпаймен «Ордабасы» турнир кестесіндегі екінші орнын сақтап қалса, үшінші сатыдағы Алматының «Қайраты» да онша қинала қойған жоқ. Олар өз алаңында «Таразды» 4:0 есебімен (гол авторлары -  Бауыржан Тұрысбек, Жерар Гоу, Барбоза Исаэль, Бауыржан Исламхан) ойсырата ұтып, кезекті үш ұпайына қол жеткізді. Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Владимир Муханов «Ақтөбеге» кетіп, бас бапкерсіз қалған Көкшетаудың «Оқжетпесін» 5:1 есебімен күйрете жеңді. «Тобылдан» Алексей Щеткин қос голдың авторы атанса, Григорий Сартаков, Джордже Деспотович, Рауль Джалилов та алаңнан құр кеткен жоқ. «Оқжетпестен» Лукас Хорват қана бір гол соға алды. Осылайша, 24 ұпай жинаған «Тобыл» төртінші орынға көтерілді. Павлодарда «Атыраумен» 1:1 есебімен (Александр Кислицынның голына екінші таймда атыраулық Юре Обшивач жауап берді) тең ойнаған «Ертіс» 21 ұпаймен бесінші сатыға сырғыды. Ал Қарағандының «Шахтерінен» 2:1 есебімен басым түскен Қызылорданың «Қайсары» 18 ұпаймен алтыншы орында келеді. Бұл ойында қонақтардан Марко Станоевич бірінші таймда есеп ашқанымен, олар сол басымдылықты ұстап тұра алмады. Екінші таймда Елжас Алтынбеков пен Валерий Коробкин «Қайсарға» жеңіс әперді.

Келесі турда «Ақтөбе» - «Ертіс», «Тараз» - «Тобыл», «Атырау» - «Ақжайық», «Оқжетпес» - «Ордабасы», «Қайсар» - «Қайрат», «Астана» - «Шахтер» командалары өзара күш сынасады.

ФОТО: sports.kz