Ел біріншілігін Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасындағы кездесу ашты. Өткен жылғы ел чемпионы қарсыласының осал тұсын таба білді. Олардың қатарынан Небойша Косович 69, Гулжігіт Алықұлов 72-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Нәтижесінде алматылық клуб 2:0 есебімен басым түсті.
Тағы бір кездесу Түркістан қаласында өткізілді. Жергілікті «Тұран» елордалық «Астана» клубымен шеберлік байқасты. Ойын барысында елордалық Марин Томасов 9-минутта есеп ашса, түркістандық Таңат Нөсербаев 18-минутта таразы басын теңестірді. Ал 54-минутта Абзал Бейсебеков соққан голдан кейін «Астана» тағы да алға шықса, 68-минутта түркістандық Мардан Төлебек қорытынды есепте белгіледі. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.
«Атырау» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын қабылдады. Ойын тағдырын қарағандылық клуб сапынан Виталий Балашов 14-минутта соққан жалғыз гол шешіп, кеншілер 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Енді 14 наурызда бірінші турдағы қалған төрт ойын болады. Алдымен 15.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Ақтөбе», «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қызылжар» (Петропавл), 17.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тараз», «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақжайық» (Орал) командалары шеберлік байқасады.