НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Астана» Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында Ресейдің «Арсенал» (Тула) командасымен жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойын 1:1 есебімен аяқталды. Кездесудің жетінші минутында «Астана» сапына жақында қосылған кипрлік футболшы Пиерос исландиялық жартылай қорғаушы Рунар Мар Сигурьонссонға әдемі пас шығарып берді. Оған ресейлік команда 28-минутта жауап голын соғып кетті.
«Арсенал» клубы қазір Ресей Премьер-лигасында қысқы үзілістен кейін 19 ойында 25 ұпай жинап, турнир кестесінде алтыншы орында келеді. Ал «Астана» 29 ақпанда Қостанай қаласында Қазақстан суперкубогында Қызылорданың «Қайсар» командасымен кездеседі.
Бұдан бұрын «Қайрат» Ресейдің «Рубин» клубынан басым түскенін хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.