ФУТБОЛ: «Астана» Еуропа лигасында «АИК» командасының тас-талқанын шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футболшылары Еуропа лигасының үшiншi раундында сырт алаңда «АИК» командасын 3:0 есебiмен ойсырата жеңдi.

Бiрiншi таймда өте сенiмдi ойнай бiлген «Астана» командасы стандарттық жағдайлардың бiрiнде Фокси Кетевоаманың соққысынан кейiн 1:0 есебiмен алға шықты. Екiншi таймның орта тұсында астаналық футболшылар есептi еселетiп, жанкүйерлердiң мерейiн үстем еттi. Дмитрий Шомко қорғаушылар мен қақпашының қателiгiнен кейiн екiншi голдың авторы атанған болатын. Ал ойынның 71-ші минутында тамаша пасқа ие болған Жолшиев қақпашыны алдап өтiп, бос қақпаға үшiншi голды тоғытты. Осылайша, «Астана» Еуропа лигасының плей-офф кезеңiне өттi.