ФУТБОЛ: «Астана» ФК биылғы Қазақстан Суперкубогын иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана Арена» стадионында «Астана» мен «Қайрат» (Алматы) командалары арасында футболдан Қазақстанның Суперкубогы үшін кездесу өткізілді. Оны ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев тамашалады.

Биылғы маусымдағы алғашқы матч аса тартысты өткенімен, тоқсан минут бойы, одан кейінгі қосымша екі таймда да есеп ашылмады. Суперкубок тағдыры ойын соңында пенальти соғу кезінде шешілді. Мұнда, әсіресе, «Астана» клубының қақпашысы Ненад Эрич алматылықтар соққан үш бірдей допты қайырып, ерлік жасады. Жеңіс нүктесін астаналықтардың капитаны Абзал Бейсебеков қойды. Сөйтіп пенальти соғуда 3:2 есебімен басым түскен «Астана» ел Суперкубогын ұтып алды.