АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының кезекті турында орталық кездесу елордада «Астана» мен Алматының «Қайраты» арасында өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Тартысты матчта есепті қонақтар ашты. 35-минутта «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Исламбек Қуаттың айып алаңына кірместен, алыстан шірене тепкен добы қақпа маңдайшасына тиіп, торда тулап жатты. Бұдан кейін астаналықтар қаншама тырысқанымен, көпке дейін дегендеріне жете алмады. Тек ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда, босниялық жартылай қорғаушы Срджан Граховац таразы басын теңестіріп кетті.
Сөйтіп, «Қайрат» осының алдында жеті рет қатарынан жеңіске жеткен «Астананың» қарқынын тежеді. Биылғы маусымда жеңілістің ащы дәмін тата қоймаған алматылықтардың бұл жетінші тең ойыны еді. Көш басында 23 ұпай жинаған астаналықтар келеді. Екінші және үшінші орындағы «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайраттың» 19-дан ұпайлары бар. Оған қоса «Астананың» бір ойыны кем.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).