НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атырау» командасының бас бапкері, ресейлік маман Виктор Кумыков қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, бас бапкерлік міндетін уақытша Қуаныш Қабдолов атқарады.
Клуб басшылығы Виктор Балютовичке атқарған жұмысы үшін алғысын білдіріп, оның орнына жаңа бапкер іздестіріліп жатқанын жеткізді.
Осылайша В.Кумыков биылғы маусымда премьер-лига командалары арасында бірінші болып орнын босатып отыр.
Бүгін Талдықорғанда «Жетісу» командасымен 0:0 есебімен тең ойнаған атыраулықтар 5 ұпаймен турнир кестесінде небәрі оныншы орында келеді. Соңғы сегіз ойында команда алты рет жеңіліске ұшырап, екі мәрте ғана тең түсті. Бұл, әрине, көңіл көншітерліктей нәтиже емес.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада өнер көрсететін «Ақжайықтың» бас бапкері қызметінен кеткен болатын. Оралдықтар ертең Петропавлда өзі сияқты өткен жылы премьер-лигадан түсіп қалған «Қызылжар» командасымен маңызды кездесулерінің бірін өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).